«Шымбұлақта» шаңғы маусымы басталды: кімдер тегін сырғанай алады
Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты 19 қарашада 2026–2027 жылғы сырғанау маусымын ашты.
Әзірге шаңғышылар мен сноубордшыларға тек үйренушілерге арналған трассалар қолжетімді. Жаңадан үйреніп жүргендерге арнайы «Алғашқы қадам» тарифі қарастырылған. Ал бес жасқа дейінгі балалар мен зейнеткерлердің кейбір санаттары тегін сырғанай алады.
Маусымның алғашқы кезеңінде (Under Low Season) «Ақ барыс», «Ақ аю» және «Профессор» трассасының төменгі бөлігі ашылды. Бұл бағыттар шаңғы мен сноуборд тебуді енді үйреніп жүргендерге арналған.
«Алғашқы қадам» тарифін ересектер де, балалар да пайдалана алады. Маусымның бастапқы кезеңінде бес жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда, тегін сырғанауға рұқсат етіледі. Ал Қазақстанда тұратын зейнеткерлер жұмыс күндері ақысыз сырғанай алады. Бұл тарифке өзге жеңілдіктер қарастырылмаған.
«Шымбұлақ» тау шаңғысы және сноуборд мектебінің жетекшісі Николай Ханның айтуынша, жауған қар оқу трассаларын маусым ашылуына дайындауға мүмкіндік берген.
«Қазір шаңғы немесе сноубордты алғаш рет үйренгісі келетіндер үшін қолайлы кезең. Мектебімізде ересектер мен балаларға нұсқаушы таңдап, әркім өз қарқынымен сырғанаудың бастапқы дағдыларын меңгере алады», – деді ол.
Тәжірибелі шаңғышылар мен сноубордшылар да жазғы үзілістен кейін алғашқы сырғанау арқылы дағдыларын қайта шыңдай алады. Алайда биік бағыттар әзірге жабық. Болжам бойынша, маусымның бастапқы кезеңі шамамен екі аптаға созылады.
Негізгі трассалардың қашан ашылатынын курорт әкімшілігі кейінірек хабарлайды. Бұл жауған қардың мөлшері мен қар жамылғысының жағдайына байланысты болады.
08:47
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.